БАҚАД-та жол ақысын кеш төлегендер екі есе көп төлейді
БАҚАД-та базалық тариф екі есе өседі. Жол ақысын алдын ала немесе жеті жұмыс күні ішінде төлегендер бұрынғы бағамен жүреді.
Алматының Үлкен айналма автомобиль жолында 16 тамыздан бастап базалық тарифтер екі есе өседі. Алайда жол ақысын алдын ала немесе сапардан кейін жеті жұмыс күні ішінде төлеген жүргізушілер бұрынғы бағамен жүре алады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, төлемді уақытында жасағандарға 50 пайыз жеңілдік беріледі. Егер жүргізуші белгіленген мерзімді өткізіп алса, жеңілдік жойылып, сапар толық тариф бойынша есептеледі.
Мысалы, жеңіл автокөлікпен жүру ақысы уақытылы төленсе, бұрынғыдай 302,75 теңге болады. Ал жеті жұмыс күні ішінде төлем жасалмаса, жүргізуші 605,5 теңге төлейді.
БАҚАД-та жол жүру қанша тұрады
| Көлік түрі | Толық тариф | Уақытылы төлегендегі баға |
|---|---|---|
| Жеңіл автокөлік | 605,5 теңге | 302,75 теңге |
| 16 орынға дейінгі автобус немесе 2,5 тоннаға дейінгі жүк көлігі | 692 теңге | 346 теңге |
| 32 орынға дейінгі автобус немесе 5,5 тоннаға дейінгі жүк көлігі | 1 211 теңге | 605,5 теңге |
| 32 орыннан асатын автобус немесе 10 тоннаға дейінгі жүк көлігі | 1 384 теңге | 692 теңге |
| 10 тоннадан 15 тоннаға дейінгі жүк көлігі | 1 730 теңге | 865 теңге |
| 15 тоннадан асатын жүк көлігі | 1 903 теңге | 951,5 теңге |
Тариф көліктің ақылы жолмен қанша шақырым жүргеніне қарамастан, бір сағат ішіндегі бір сапар үшін есептеледі.
50 пайыз жеңілдікті қалай сақтауға болады
Жүргізуші бұрынғы тарифпен жүру үшін төлемді екі тәсілдің бірімен жасауы керек:
- БАҚАД-қа кірмей тұрып дербес шотты толықтыру немесе көліктің мемлекеттік нөмірі бойынша алдын ала төлеу;
- сапар аяқталғаннан кейін жеті жұмыс күнінен кешіктірмей жол ақысын төлеу.
Төлем уақытында түспесе, жүйе жол ақысын автоматты түрде толық тарифпен есептейді. Соның салдарынан көлік иесінің берешегі қалыптасады.
Айлық және жылдық абонементтердің бағасы өзгермейді.