Қазақстанда мемлекеттік сатып алу төлемдері цифрлық теңгеге көшуі мүмкін
Қазақстанда мемлекеттік сатып алу төлемдерін цифрлық теңгемен автоматтандыру мүмкіндігі қаралады. Бектенов оны қолдану аясын кеңейтуді тапсырды.
Қазақстанда мемлекеттік сатып алу мен компаниялар арасындағы есеп айырысуда цифрлық теңгені қолдану аясын кеңейту жоспарланып отыр. 15 қыркүйектегі Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов осы бағыттағы шараларды пысықтауды тапсырды.
Үкімет басшысының айтуынша, цифрлық теңгенің мүмкіндіктері төлем жасаумен шектелмеуі керек. Оны бюджет қаражатын тиімді жұмсауға да пайдалануға болады.
Бектенов перспективалы бағыттардың бірі ретінде цифрлық шарттарды атады. Олар мемлекеттік сатып алу мен компаниялар арасындағы операцияларда есеп айырысуды автоматтандыруға жол ашады.
Қарапайым тілмен айтқанда, цифрлық теңгеге ақшаны пайдалану шарттарын алдын ала белгілеуге болады. Келісімде көзделген талаптар орындалғаннан кейін төлем автоматты түрде жүргізіледі.
Премьер-министр Қаржы министрлігіне Ұлттық банкпен және өзге де мүдделі тараптармен бірлесіп, цифрлық теңгені кеңінен қолданудың ықтимал тетіктерін зерделеуді тапсырды.
Цифрлық теңгені Ұлттық банк шығарады және ол заңды төлем құралы саналады. Мемлекеттік сатып алуда цифрлық шарттарды іске қосудың нақты мерзімі әзірге жарияланған жоқ.