Қазақстанда тұрғындар жиналысының ережесі жаңарды: 3 тамыздан не өзгерді
Қазақстанда 3 тамыздан тұрғындар жиналысының тәртібі жаңарды: онлайн және қағаз дауыстар бірге саналып, хабарлама телефонға жіберіледі.
Қазақстанда 3 тамыздан бастап пәтерлер мен тұрғын емес үй-жай иелерінің жиналысын өткізу тәртібі жаңарды. Енді онлайн және қағаз түрінде берілген дауыстар бірге есептеліп, нәтиже бірыңғай хаттамамен рәсімделеді. Жиналыс туралы хабарламаны тұрғынның телефонына немесе электрондық поштасына жіберуге болады. Өзгерістер ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 16 шілдедегі №358 бұйрығымен бекітілді.
Онлайн дауыс беру мүмкіндігі заңнамада бұған дейін де болған. Жаңа бұйрық бұл тәсілді алғаш рет енгізіп отырған жоқ, жиналысты ұйымдастыру, дауыстарды санау және қабылданған шешімдерді рәсімдеу тәртібін нақтылайды.
Онлайн және қағаз дауыстар бірге саналады
Меншік иелерінің жиналысы күндізгі немесе сырттай форматта өткізілуі мүмкін. Сырттай дауыс беруге қағаз сауалнама мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы цифрлық сервистер арқылы дауыс беру жатады.
Қорытынды шығарылған кезде қағаз парақтар мен электрондық сауалнама арқылы берілген дауыстар қосылады. Нәтиже бір хаттамаға енгізіліп, кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың цифрлық жүйесіне орналастырылады.
Бұл тәсіл жиналысқа жеке келе алмайтын немесе қағаз сауалнамаға қол қоюға мүмкіндігі жоқ меншік иелеріне үйді басқаруға қатысты шешімдерге қашықтан қатысуға мүмкіндік береді.
Жиналыс туралы бес күн бұрын хабарлау керек
Жиналыстың бастамашысы меншік иелеріне оның өтетіні туралы кемінде бес күнтізбелік күн бұрын хабарлауға тиіс. Хабарламада жиналыстың форматы, күні, өтетін орны және күн тәртібіндегі мәселелер көрсетіледі.
Ақпаратты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа арналған цифрлық сервис, электрондық пошта немесе ұялы телефон нөмірі арқылы жіберуге болады. Ол үшін меншік иесі өзінің электрондық мекенжайын немесе телефон нөмірін алдын ала ұсынуы керек.
Бұдан бөлек, көпқабатты үйдің барша тұрғындары көре алатын жерге дәстүрлі қағаз хабарландыру ілуге де рұқсат етіледі.
Кімдер дауыс бере алады
Дауыс беруге пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері қатысады. Цифрлық сервис арқылы дауыс берген адамның осы үйдегі жылжымайтын мүліктің иесі екені жүйеде тексерілуге тиіс.
Электрондық дауыс күндізгі және сырттай жиналыстың қорытындысын шығару кезінде есепке алынады. Бір меншік иесінің бір мәселе бойынша әртүрлі арна арқылы бірнеше рет дауыс беруіне жол берілмейді.
Жиналыстың өкілеттілігі мен шешім қабылдау тәртібі тұрғын үй заңнамасының талаптарына сәйкес анықталады. Бұған дейінгі ресми түсіндірмелерде жиналысқа пәтерлер мен тұрғын емес үй-жай иелерінің жалпы санының жартысынан көбі қатысса, кворум бар деп есептелетіні көрсетілген.
Тұрғындар қандай мәселелерді шеше алады
Меншік иелері жиналыста көпқабатты үйді басқаруға қатысты негізгі шешімдерді қабылдай алады. Олардың қатарында:
- үйді басқару нысаны мен басқарушы ұйымды таңдау;
- мүлік иелері бірлестігінің төрағасы мен үй кеңесінің мүшелерін сайлау;
- жылдық шығындар сметасын бекіту;
- ағымдағы, жинақ және нысаналы жарналардың мөлшерін белгілеу;
- күрделі жөндеу жүргізу;
- лифтілерді жөндеу немесе ауыстыру;
- үйдің ортақ мүлкін пайдалану;
- жұмыстарды орындайтын мердігерді таңдау;
- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы цифрлық сервисті таңдау бар.
Қабылданған шешімдер хаттамаға енгізіледі. Құжатта дауыс беру нәтижелері мен жиналысқа қатысқан меншік иелері туралы мәліметтер көрсетілуі керек.
Жаңартылған тәртіп әсіресе меншік иелерінің қажетті санын бір жерге жинау қиын болатын ірі тұрғын үй кешендері үшін қолайлы. Тұрғындар үйді басқаруға қатысты дауыс беруге қашықтан қатысып, қағаз және электрондық нәтижелерді бір құжаттан көре алады.