Алматыда баспананы кеш тапсырған құрылыс компаниясы 10,5 млн теңге төлеуге міндеттелді
Алматы тұрғыны мүлкін бір жылдан астам кеш тапсырған құрылыс компаниясынан 10,5 млн теңге өндіріп алды. Дауды кассациялық сот шешті.
Алматы тұрғыны жылжымайтын мүлкін бір жылдан астам кеш тапсырған құрылыс компаниясынан сот арқылы 10,5 млн теңге тұрақсыздық айыбын өндіріп алды. Бұған дейін екі сот оның талабын қанағаттандырмаған, алайда кассациялық сот шешімдерді өзгертті.
Сатып алушы 2021 жылы құрылыс компаниясымен үш алдын ала шарт жасасқан. Ол пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың және автотұрақ орнының ақысын толық төлеген.
Компания құрылысты аяқтап, негізгі сатып алу-сату шарттарын 2023 жылдың соңына дейін жасасуға тиіс болған. Бірақ нысан тек 2024 жылдың қазанында пайдалануға берілген. Қабылдау-тапсыру актілеріне 2025 жылдың қаңтарында, ал негізгі шарттарға сол жылдың наурызында қол қойылған.
Мерзімнің бұзылуына байланысты сатып алушы шарттарда көзделген тұрақсыздық айыбын талап етіп, сотқа жүгінген.
Екі сот талапты неге қанағаттандырмады?
Бірінші сатыдағы және апелляциялық соттар құрылыс компаниясының бастапқы міндеттемесі ақшалай сипатта болмаған деп есептеген. Осы себепті олар Азаматтық кодекстің 353-бабын бұл дауға қолдануға болмайды деген тұжырымға келген.
Сондай-ақ екі сот негізгі сатып алу-сату шарттарына қол қойылған соң алдын ала шарттар бойынша міндеттемелер тоқтады деп санаған.
Кассациялық сот сатып алушыны қолдады
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот бұл ұстаныммен келіспеді. Соттың түсіндіруінше, негізгі шарттардың жасалуы құрылыс компаниясын бұған дейін жол берген бұзушылықтары үшін жауапкершіліктен босатпайды.
Алдын ала шарттарда кешіктірілген әр күн үшін жылжымайтын мүлік құнының 0,1%-ы мөлшерінде тұрақсыздық айыбы қарастырылған. Оның жалпы сомасы нысандар құнының 10%-ынан аспауға тиіс болған.
Кассациялық сот алдыңғы екі сатының шешімдерін жойып, құрылыс компаниясынан сатып алушының пайдасына 10,5 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.