Қазақстанда діни экстремизмді жамылған 22 қылмыстық топ ұсталды

Қазақстанда жыл басынан бері діни экстремизм идеясын жамылған 22 қылмыстық топтың жолы кесіліп, 64 адам ұсталды.

👁️ 0
Қазақстанда діни экстремизмді жамылған қылмыстық топ мүшесін ұстау сәті
Сурет: polisia.kz

Қазақстанда 2026 жылдың басынан бері діни экстремизм идеясын жамылған 22 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, олардың құрамындағы 64 адам ұсталды. Полиция 155 пайдакүнемдік және зорлық сипатындағы қылмысты ашты, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

ІІМ мәліметінше, күдіктілер бопсалау, алаяқтық, тонау, браконьерлік және есірткі сатумен айналысқан. Қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыру үшін атыс қаруын сақтаған.

Мұндай топтар Алматыда, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында әрекет еткен.

Алматы тұрғынынан 7,5 млн теңге алған

Алматыда радикалды діни идеяларды ұстанған төрт адам қала тұрғынынан 7,5 млн теңге алған. Сот оларды бес жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айырды.

Петропавлда радикалды діни идеологияны ұстанған әйелге қатысты алаяқтықтың төрт дерегі ашылды. Келтірілген шығын екі млн теңгеден асқан. Сот оған үш жыл түрме жазасын тағайындады.

Павлодарда жергілікті тұрғын алаяқтықтың 17 эпизоды бойынша кінәлі деп танылды. Жәбірленушілерге келтірілген залал сегіз млн теңгеден асты. Ол бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Қару, гранаталар және есірткі тәркіленді

Арнайы шаралар кезінде заңсыз айналымнан:

  • 114 атыс қаруы;
  • 3 суық қару;
  • 7 граната;
  • 1600-ден астам оқ-дәрі;
  • 32 келіден астам есірткі тәркіленді.

Полиция интернет арқылы радикалды идеология таратқан адамдарды да анықтаған.

Ақтөбеде әлеуметтік желілерде өзге дін өкілдерін қорлап, діни араздықты қоздырған қала тұрғыны үш жыл алты айға сотталды. Осы қалада зорлық-зомбылық әрекеттерін жоспарлаған тағы бір азамат ұсталды. Терроризмді насихаттағаны үшін оған алты жыл түрме жазасы тағайындалды.

Түркістан облысында халықаралық террористік ұйымның идеяларын интернетте таратқан адам жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

Діни сенім қылмысты, зорлық-зомбылықты немесе араздықты қоздыруды ақтай алмайды.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі