Түркістан облысында 103 млн теңге субсидия жымқыру ісі тергеліп бітті

Түркістан облысында 103 млн теңге субсидия жымқыру ісі бойынша тергеу аяқталды. Бір күдікті қамауға алынып, екіншісіне кепіл белгіленді.

👁️ 0
Мал шаруашылығы фермасында жем жеп тұрған сиырлар
Сурет: QYZYQ

Түркістан облысында мал шаруашылығын дамытуға бөлінген 103 млн теңге субсидияны жымқыруға қатысты тергеу аяқталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің 16 қыркүйекте хабарлауынша, күдіктілер мал туралы жалған мәліметтер арқылы бюджеттен ақша алған.

Тергеу дерегінше, схемаға төрт жеке кәсіпкерлік, сондай-ақ «Нур-Келес» және «Бимен С.» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері пайдаланылған. Олар өзге адамдардың атына тіркелгенімен, іс жүзінде басқа тұлғалардың бақылауында болған.

Кәсіпкерлік субъектілерін басқару үшін электрондық цифрлық қолтаңбалар, мөрлер және банк шоттарындағы ақшаға билік етуге мүмкіндік беретін нотариалды сенімхаттар қолданылған.

ҚМА мәліметінше, ақпараттық жүйелерге мал сатып алу, қолда бар мал және селекциялық жұмыстар туралы көрінеу жалған деректер енгізілген. Кейін сол мәліметтер негізінде субсидия алуға электрондық өтінімдер берілген.

Агенттіктің хабарлауынша, бюджеттен түскен ақша қолма-қол шешіліп, схемаға қатысушылар арасында бөлінген және жеке қажеттіліктерге жұмсалған. Мемлекетке келтірілген залал 103 млн теңге деп бағаланып отыр.

Сот санкциясымен күдіктілердің екі тұрғын үйіне, төрт автокөлігіне, автотұрақ орны мен жер учаскесіне тыйым салынды.

Күдіктілердің бірі қамауға алынды. Екіншісіне қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталған, істің өзге деректері жарияланбайды.