Футболдан әлем чемпионаттарын Трамп отбасына сатпақ: UEFA бойкот жариялады
FIFA әлем чемпионаттары бизнесіне жеке инвесторларды кіргізбек. UEFA мен 55 қауымдастық жоба тоқтамайынша турнирлерге қатыспайды.
УЕФА мен оның құрамындағы 55 ұлттық футбол қауымдастығы ФИФА жеке инвесторларды әлем чемпионаттарының бизнесіне кіргізу жоспарынан толық бас тартпайынша, ұйым өткізетін жарыстарға қатыспайтынын мәлімдеді. Шешім Қазақстанға да қатысты, өйткені Қазақстан футбол федерациясы УЕФА құрамына кіреді. Бұл туралы 30 шілдеде жарияланған ортақ мәлімдемеде айтылған.
Даудың шығуына ФИФА президенті Джанни Инфантиноның FIFA Forward Enterprise немесе FFE деп аталатын жаңа компания құру жоспары себеп болды. Компанияның алдын ала құны 20 млрд долларға бағаланып отыр. Жеке инвесторларға оның миноритарлық үлесін сату арқылы 4,2 млрд долларға дейін қаржы тарту жоспарланған.
ФИФА нақты нені сатпақ
«Әлем чемпионатын сату» деген сөз турнирдің өзін бір жеке меншік иесіне беру дегенді білдірмейді. Жоспар бойынша ФИФА жаңа еншілес компанияға өз жарыстарының коммерциялық құқықтары мен оларды ұйымдастыруға қатысты жұмыстарды өткізбек.
FFE компаниясының қарамағына мына бағыттар берілуі мүмкін:
- телевизиялық және медиақұқықтар;
- демеушілік келісімдер;
- билет сату;
- лицензиялық өнімдер;
- турнирлерді ұйымдастыру және өткізу.
Жеке инвесторларға компанияны басқаруға мүмкіндік бермейтін миноритарлық үлестер ұсынылады. ФИФА директорлар кеңесіндегі басымдықты сақтап, жарыстардың ережесі, күнтізбесі, форматы мен қатысушылары туралы шешімдерді өзі қабылдайтынын айтып отыр.
Дегенмен инвесторлар әлем чемпионаты мен ФИФА-ның басқа ірі турнирлерінен табыс табатын компанияның үлесіне ие болады. УЕФА дәл осы өзгеріс болашақта футболды коммерциялық пайдаға тәуелді етеді деп қауіптенеді.
Жоба Трамп отбасымен қалай байланысты
Инвесторлар тобын америкалық Thrive Eternal инвестициялық құрылымы басқаруы мүмкін. Оны Джошуа Кушнер құрған.
Джошуа Кушнер Джаред Кушнердің туған інісі. Ал Джаред Кушнер Дональд Трамптың қызы Иванка Трамптың жұбайы. Осы туыстық байланысқа байланысты әлемдік медиада «әлем чемпионатын Трамп отбасына сату» деген тақырыптар пайда болды.
Алайда Дональд Трамптың жобаға тікелей қатысатыны расталған жоқ. Джаред Кушнер де ықтимал инвестор ретінде аталмайды. Әңгіме оның інісі Джошуа Кушнер басқаратын компания туралы болып отыр.
Федерацияларға 40 млн доллар қалай берілмек
ФИФА жаңа жобаны әлем елдеріндегі футболды қаржыландыруды көбейту тәсілі ретінде таныстырып отыр. Ұйымға кіретін 211 ұлттық қауымдастықтың әрқайсысына ірі жобалар үшін бір рет 20 млн долларға дейін қаржы алу мүмкіндігі ұсынылған.
Қаражатты стадиондар мен жаттығу орталықтарын салуға, бапкерлер даярлауға, ұлттық құрамаларды, әйелдер және балалар футболын дамытуға жұмсауға болады.
Сонымен бірге 2027-2030 жылдарға арналған тұрақты қаржыландыру көлемін 8 млн доллардан 20 млн долларға дейін арттыру ұсынылған. Нәтижесінде бір федерацияға берілетін қаржы теориялық түрде 40 млн долларға жетуі мүмкін:
- жаңа бағдарлама арқылы бір рет берілетін 20 млн долларға дейінгі төлем;
- төрт жылдық тұрақты қаржыландыру аясындағы 20 млн долларға дейінгі қаражат.
ФИФА бұл ақшаны жобаны қолдағаны үшін берілетін төлем деп атамайды. Бірақ жаңа компанияны құру үшін ұлттық қауымдастықтардың көпшілігі мен ФИФА кеңесінің келісімі қажет. УЕФА федерациялар қаржыны көбейту мен қазіргі басқару үлгісін сақтау арасында таңдау жасауға мәжбүр болып отыр деп санайды.
Қазақстан құрамаларына да әсер етуі мүмкін
УЕФА жеке инвесторлар футбол бизнесінің үлесіне ие болғаннан кейін халықаралық күнтізбе, матчтар саны мен турнир форматтары спорттық қажеттілікке емес, қаржылық табысқа қарай өзгеруі мүмкін деп ескертті.
Әлем чемпионаты инвестициялық өнім емес. Әлем чемпионаты сатылмайды.
Ұйым ФИФА-дан жобадан толық бас тартуды және жарыстардың жеке меншікке берілмейтініне міндетті кепілдік жасауды талап етті.
Ұсыныс күшінде тұрған кезде УЕФА құрамындағы ұлттық командалар ФИФА жарыстарына қатыспайды. Ортақ мәлімдемеге барлық 55 қауымдастық қосылғандықтан, бойкот Қазақстанның ұлттық, жастар, әйелдер және футзал құрамаларына да әсер етуі мүмкін.
Егер тараптар келісімге келе алмаса, Еуропа құрамаларының әлем чемпионаттарына және ФИФА өткізетін басқа халықаралық жарыстарға қатысуы тоқтауы ықтимал. Әзірге FFE жобасы түпкілікті мақұлданған жоқ. Соңғы шешімді ұлттық қауымдастықтар мен ФИФА кеңесі қабылдауы тиіс.