Жапонияда адамдарға тіс өсіру сынағы басталды
Жапон ғалымдары адамдарда жаңа тістердің өсуін қамтамасыз ететін дәріні сынақтан өткізе бастады. Алғашқы пациенттер бұл зерттеулерге қатысып жатыр.

Жапон ғалымдары жаңа дәрінің адамдарда тіс өсуін қайта іске қосуға қабілеттілігін анықтау үшін клиникалық сынақтар жүргізе бастады.
Сынықтан кейін сүйек қайта қалпына келсе де, тіс өздігінен жаңармайды. Бұл дүние жүзінде миллиондаған адамның тістерін толықтай немесе жартылай жоғалтуына әкелуде. Алайда жапон зерттеушілері бұл жағдайды өзгертуді мақсат етіп отыр.
2024 жылдың қыркүйек айында Осакада USAG-1 геніне қарсы антиденелерге негізделген дәрінің алғашқы сынақтары басталды. Бұған дейін ғалымдар дәл осы геннің сүтқоректілерде тіс өсуіне тосқауыл болатынын анықтаған еді. Тышқандар мен аққұйрықтарда оның белсенділігін басу жаңа тістердің өсуіне мүмкіндік берді, ендігі кезек адамдарға жетті.
Зерттеу қалай өтуде
Бірінші кезеңде 30-64 жас аралығындағы, кемінде бір тісі жоқ 30 ер адам қатысып отыр. Оларға дәрі тамыр ішіне енгізіледі. Бұл әдістің тиімділігі мен қауіпсіздігі тексеріледі. Ғалымдардың айтуынша, жануарларға жасалған алдыңғы сынақтарда ешқандай жағымсыз әсер байқалмаған.
Зерттеу 11 айға созылады. Егер нәтижелер оң болса, келесі кезеңде 2–7 жас аралығындағы, туа бітті төрт немесе одан көп тісі жоқ балаларға сынақ жасалмақ.
Нәтижелер қашан болады
Зерттеушілер 2030 жылға қарай жаңа дәрі тісі жоқ барлық пациенттерге — тек туа бітті аномалиясы барларға ғана емес, түрлі себеппен тісінен айырылған адамдарға да қолжетімді болады деп сенеді. Осылайша болашақ стоматологиясында протездер мен импланттардың орнына табиғи тіс өсіру басты әдіске айналуы мүмкін.
«Біздің мақсатымыз — тіс жоғалтудан зардап шеккен жандарға көмектесу. Бұған дейін бұл мәселеге түбегейлі, тұрақты шешім болмаған еді», — деді жобаның жетекшісі, Китано госпиталінің зерттеу институты стоматология бөлімінің басшысы Кацү Такахаси.
Егер ғалымдардың болжамы расталса, алдағы жылдары адамзат тіс ауруларын емдеуде үлкен серпіліс жасайды.