Еуроодақта ЖИ жасаған контентті таңбалаудың жаңа ережелері күшіне енді
Еуроодақта чат-боттар ЖИ екенін ескертуі тиіс. Дипфейктер мен нейрожелі жасаған кей контент арнайы таңбаланады.
Еуропалық одақта 2026 жылғы 2 тамыздан бастап жасанды интеллект жүйелеріне арналған жаңа ашықтық талаптары күшіне енді. Енді чат-боттар пайдаланушыға адамның орнына бағдарламамен сөйлесіп отырғанын хабарлауы керек, ал дипфейктер мен ЖИ жасаған кей материалдар арнайы таңбаланады. Бұл туралы Еуропалық комиссия хабарлады.
Жаңа талаптар Еуроодақтың жасанды интеллект туралы заңы, яғни AI Act құжатының 50-бабында қарастырылған. Ереженің мақсаты адамдарға шынайы контент пен нейрожелі жасаған немесе елеулі түрде өзгерткен материалды ажыратуға көмектесу.
Чат-бот өзінің ЖИ екенін ескертуі керек
Адамдармен тікелей сөйлесетін жасанды интеллект жүйелері енді пайдаланушыға оның бағдарлама екенін анық әрі түсінікті түрде хабарлауға міндетті.
Талап чат-боттарға, виртуалды көмекшілерге, ЖИ агенттеріне, цифрлық аватарларға және адаммен екіжақты диалог жүргізетін басқа жүйелерге қатысты. Ескерту алғашқы әңгіме басталған кезде көрсетілуі керек.
Егер пайдаланушының жасанды интеллектпен сөйлесіп отырғаны онсыз да анық болса, қосымша ескерту талап етілмеуі мүмкін. Ал адамның қатысуынсыз, тек жүйелер арасында немесе фондық режимде жұмыс істейтін бағдарламалар бұл талапқа кірмейді.
Сурет, видео және аудиоға жасырын белгі енгізіледі
Генеративті ЖИ жүйелерін жасаушылар синтетикалық мәтінге, суретке, аудио мен видеоға машинамен оқылатын белгі енгізуі тиіс. Мұндай белгі қарапайым адамға көрінбеуі мүмкін, бірақ арнайы бағдарлама материалдың ЖИ көмегімен жасалғанын немесе өзгертілгенін анықтай алады.
Белгі сенімді болуы және контент басқа платформаға көшірілгенде немесе қайта жарияланғанда сақталуы керек. Бұл әлеуметтік желілерге, журналистерге және фактчекерлерге жалған материалдарды жылдам анықтауға көмектеседі.
Алайда барлық өңдеу операциясы ЖИ контентін жасау ретінде саналмайды. Суретті аздап түзету, орфографияны тексеру немесе материалдың мағынасын өзгертпейтін стандартты редакциялау құралдарына бұл талап қолданылмайды.
Дипфейк бірден байқалатындай таңбалануы тиіс
Дипфейктер үшін тек техникалық белгі жеткіліксіз. Шынайы адамды, нысанды, орынды немесе оқиғаны ЖИ арқылы ұқсатып жасаған сурет, аудио не видео көрерменге анық ескертілуі керек.
Мұндай белгі материал алғаш көрсетілген кезде көрінетін немесе естілетін болуы тиіс. Пайдаланушы оның мағынасын түсіну үшін арнайы құрал қолданбауы керек.
Көркем, сатиралық немесе ойдан шығарылған туындыларға жеңілдетілген талап қарастырылған. Ескерту фильмді, қойылымды немесе басқа шығармашылық жұмысты көруге кедергі келтірмеуі керек.
ЖИ жазған әр мәтінге белгі қою міндетті емес
Қоғамдық маңызы бар тақырыптар туралы ЖИ жасаған немесе өзгерткен мәтіндерге бөлек талап енгізілді. Бұл саясат, экономика, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, ғылым, экология және қоғамдық талқылауға әсер ететін басқа салалардағы жарияланымдарға қатысты.
Егер мәтінді маман мазмұндық тұрғыдан тексеріп, редакция оның жариялануына жауапкершілік алса, арнайы белгі қою міндетті емес. Тек орфография мен грамматиканы тексеру толыққанды редакциялық бақылау болып саналмайды.
Жеке мақсатта сурет немесе әзіл видео жасаған қарапайым пайдаланушыға да бұл талап тікелей қолданылмайды. AI Act жеке әрі кәсіби емес қызметті заңның қолданылу аясынан шығарады.
Ереже контент компанияның, ұйымның, мемлекеттік органның немесе кәсіпкерлік және кәсіби қызметпен айналысатын адамның атынан жарияланған кезде маңызды болады.
Қазақстандық компанияларға да қатысты болуы мүмкін
AI Act тек Еуроодақ аумағында тіркелген компаниялармен шектелмейді. Егер ЕО-дан тыс орналасқан компанияның жасанды интеллект жүйесі шығарған нәтиже Еуропалық одақта қолданылса, оған да еуропалық талаптар таралуы мүмкін.
Сондықтан ЕО нарығына цифрлық қызмет, чат-бот, контент жасау құралы немесе басқа ЖИ өнімін ұсынатын қазақстандық компаниялар жаңа ережелерді ескеруі керек.
Айыппұл 15 миллион еуроға жетуі мүмкін
Ереженің орындалуын Еуроодақ елдерінің ұлттық қадағалау органдары бақылайды. Кей жағдайларда бақылауға Еуропалық комиссияның ЖИ жөніндегі кеңсесі де қатысады.
Талапты бұзған компанияға салынатын айыппұл 15 миллион еуроға немесе оның алдыңғы қаржы жылындағы әлемдік айналымының 3 пайызына дейін жетуі мүмкін. Жаза белгіленген кезде ұйымның көлемі мен заңбұзушылықтың ауырлығы ескеріледі.
2026 жылғы 2 тамызға дейін жасалған контентті кейіннен міндетті түрде таңбалау талап етілмейді. Ал осы күнге дейін Еуроодақ нарығына шыққан генеративті ЖИ жүйелеріне машинамен оқылатын белгіні енгізу үшін 2026 жылғы 2 желтоқсанға дейін шектеулі өтпелі кезең берілген.