Ауладағы тұрақ пен люктерге қатысты жаңа талаптар бекітілді
1 шілдеден бастап Қазақстанда абаттандыру ережелері жаңарады: люктер, ауладағы тұрақ және газондарды қорғау бойынша талаптар күшейеді.
Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қалалар мен елді мекендердің аумағын абаттандыруға арналған жаңартылған типтік ережелер күшіне енеді. Құжат люктердің қауіпсіздігі, ауладағы көлік қою тәртібі және жасыл аймақтарды қорғау сияқты күнделікті өмірге тікелей әсер ететін талаптарды нақтылайды.
Ережелер елді мекендердегі аула, жол, ортақ пайдаланылатын аумақ және инженерлік инфрақұрылымның қауіпсіз әрі ұқыпты ұсталуына бағытталған. Әсіресе ашық люктер, газонға қойылған көліктер және аулаішілік өткелдерге өз бетінше қойылатын бөгеттер бөлек көрсетілген.
Ашық люктерге қандай талап қойылады
Құжатқа сәйкес, сынған қақпақтар мен торлар, сондай-ақ ашық құдықтар бір сағат ішінде ескерту белгілерімен қоршалуы керек. Бұл міндет инженерлік желілердің меншік иелеріне және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін ұйымдарға жүктеледі.
Мұндай зақым бес сағаттан кешіктірілмей жойылуы тиіс. Сонымен қатар құдық қақпағының сыртқы жиегінен бір метр радиуста ашық люк, шұңқыр, жол жабындысының отыруы немесе опырылуы болмауы керек.
Ауладағы тұраққа не өзгереді
Жаңа талаптар аула мен ортақ пайдаланылатын жерлердегі көлік қою тәртібіне де қатысты. Аулаларды және қоғамдық кеңістіктерді жоспарлау кезінде көліктің газонға шығуына жол бермейтін физикалық кедергілер қарастырылуы қажет.
Бірақ бұл тұрғындар немесе ұйымдар қалаған жеріне өз бетінше бөгет қоя алады деген сөз емес. Ережеде аулаішілік және кварталішілік өткелдерге темірбетон блок, бағана, қоршау және басқа құрылымдарды самовольді түрде орнатуға болмайтыны жазылған.
Көлікті қайда қоюға болмайды
Үй маңындағы аумақтарда автокөлікті тек арнайы белгіленген орындарға қоюға рұқсат етіледі. Құжат бойынша мына жерлерде көлік тоқтатуға және қоюға болмайды:
- тұраққа арналмаған орындарда;
- тротуарларда;
- балалар ойын алаңдарында;
- абаттандыру нысандарында;
- жасыл желек бар аумақтарда;
- қоқыс контейнерлері орналасқан алаңдарда және оған жапсарлас аумақтарда.
Сондай-ақ аулада бөлшектелген немесе жүруге жарамсыз көлік құралдарын сақтау да рұқсат етілмейді.
Бұл не үшін маңызды
Бұл талаптар, ең алдымен, ауладағы қауіпсіздікке қатысты. Ашық люк, дұрыс жабылмаған құдық немесе ретсіз қойылған көлік жаяу жүргіншілерге, балаларға, қарттарға және жүргізушілердің өзіне қауіп төндіруі мүмкін.
Газондарды қорғау талабы да жай ғана эстетика мәселесі емес. Көлік үнемі жасыл аймаққа шықса, ауладағы топырақ тығыздалып, шөп тапталып, жаңбырдан кейін батпақ көбейеді. Сондықтан жаңа ережелер қалалық ортаны қауіпсіз әрі қолайлы етуге бағытталған.
Типтік ережелер негізінде жергілікті атқарушы органдар өз өңірінің ерекшелігін ескере отырып, жергілікті абаттандыру тәртібін нақтылай алады. Бірақ мұндай талаптар қолданыстағы заңнамаға қайшы келмеуі керек.