БЖЗҚ мамандары 2026 жылдан кейін кейінге қалдырылған ЖТС-ға не болатынын түсіндірді
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зейнетақы төлемдерінен кейінге қалдырылған ЖТС бойынша барлық міндеттемелер жойылады, азаматтардан қосымша өтініш талап етілмейді.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Ол бойынша зейнетақы төлемдеріне жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуден босату көзделген. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) хабарлады.
Мұнда ай сайынғы зейнетақы төлемдері де, қордағы жинақтан біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) де қамтылады.
«2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша БЗТ-дан кейінге қалдырылған барлық ЖТС міндеттемелері Салық кодексінің 828-бабының 1-тармағына сәйкес БЖЗҚ тарапынан жойылады. Азаматтардан қосымша өтініш талап етілмейді», — деп атап өтті қорда.
Осылайша, бұған дейін зейнетақы жинақтарын шешіп алған азаматтар кейінге қалдырылған ЖТС бойынша қайтадан БЖЗҚ-ға жүгінудің қажеті жоқ. Жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін барлық міндеттемелер автоматты түрде есептен шығарылады.