Қазақстанға Қытайдың «ақылды автобустар» тәжірибесін енгізу керек
Чунцин мен Қытайдың басқа да қалаларында автобустарға жарықдиодты (LED) экрандар орнатылып, олар бағдаршам таймерлерін қайталайды. Мұндай жүйе жолдағы ретсіздікті азайтып, қозғалысты үйлестіруді жеңілдетеді.

Қытайдың Чунцин қаласында көшелерге артқы терезесінде бағдаршамның кері есебін көрсететін автобустар шықты. Бұл жаңалық артта тұрған жүргізушілерге қозғалысты бір уақытта бастауға мүмкіндік береді, сол арқылы қиылыстардағы тәртіпсіздікті азайтып, көлік қозғалысын бірқалыпты етеді.
LED-панельдерде бағдаршамның түсі қашан ауысатынын көрсететін секундтар нақты уақыт режимінде бейнеленеді. Автобустың көлеміне байланысты бағдаршамды көре алмайтын жүргізушілер енді дәл ақпаратты көз алдында алады.
Осындай технологиялар Қытайдың бірнеше өңірінде сынақтан өтіп жатыр. 2020 жылы-ақ Чанша қаласында автобустар артқы LED-экрандар арқылы бағдаршам сигналдарын көрсете бастады. Ал Шанхайда «ақылды автобустар» 2022 жылдан бастап интеллектуалды көлік жүйесіне қосылып, олар да қалалық қиылыстармен синхрондалып, сигналдың кері есебін көрсетеді.
Чунцинде бұл жоба ерекше танымалдылыққа ие болды: жергілікті БАҚ хабарлауынша, ондаған автобус жүйемен жабдықталған, ал билік бүкіл қала бойынша тәжірибені кеңейтуді жоспарлап отыр.
Технология қалай жұмыс істейді
- Автобус интеллектуалды көлік басқару жүйесі арқылы бағдаршамның күйі туралы деректерді алады.
- Сигнал өңделіп, артқы LED-экранында таймер түрінде көрсетіледі.
- Артта келе жатқан жүргізушілер нақты уақыт режимінде ақпарат алып, қозғалысқа алдын ала дайындала алады.
Мұндай жүйе, әсіресе, жүктемесі көп қиылыстарда — автобустар мен жүк көліктері көріністі жауып қалатын жерлерде аса пайдалы. Сонымен бірге, қозғалысты күрт бастағанда болатын жол апаты қаупін де төмендетеді.
Қазақстанға лайықты қытайлық бастама
Қазақстан үшін осындай технология енгізу интеллектуалды көлік жүйесін дамытудың маңызды қадамы болар еді. Әсіресе Алматы мен Астананың ірі қиылыстарында автобустар мен ірі көліктер бағдаршам жарығын жауып қояды, бұл көлік қозғалысын біршама қиындатады. Қоғамдық көліктерде орнатылған LED-экрандар жүргізушілерге сигналдың нақты кері есебін көріп, қозғалысты бір мезгілде бастауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, кептеліс те, апат жағдайлары да азаяды.
Сонымен қатар, бұл шешім инфрақұрылымға ауқымды қаржы құюды қажет етпейді — автобустарды бар көлік басқару жүйесіне интеграциялап, оларды экрандармен жабдықтау жеткілікті. Осындай «ұсақ жаңалықтар» кешенді түрде енгізілсе, тығырық мәселесін шешуде үлкен рөл ойнай алады. Бүгінде алматылықтар тығырықта күніне орта есеппен 3-4 сағатын жоғалтады, ал мұндай технологиялар уақытты біртіндеп үнемдеп, қаланы тұрғындар үшін ыңғайлы ете алады.