Алматыда мыңдаған автобус катализаторсыз жүр

Қоғам белсендісі Санжар Бокаев Алматыдағы автобустардың жартысы катализаторсыз жүретінін айтты. Мұндай автобустар қоршаған ортаға қалыптан ондаған есе көп улы заттар шығарады.

👁️ 27
Сурет: Максим Морозов

Алматыда экологиялық даудың оты тұтанды. Қоғам белсендісі Санжар Бокаев Instagram әлеуметтік желісінде Алматы көшелеріне катализаторсыз шығатын автобустардың тізімі қолына түскенін баяндап, видео жариялады. Оның айтуынша, қаладағы қоғамдық көлікте жүретін шамамен 2500 автобустың тең жартысына жуығы катализаторсыз қызмет көрсетеді.

«Гармошка типті автобустардың басым бөлігінде катализатор мүлде жоқ», — деді Бокаев. Ол қара базарда бір катализатордың құны 600-700 мың теңгеден басталатынын, дәл осы пайда үшін көп автопарк катализаторларды қиып алып сататындығын атап өтті.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Санжар Бокаев (@sanzhar_bokayev)

Қоғам белсендісінің айтуынша, автопарктерде бұл – жалғыз мәселе емес. Жүргізуші жетіспейді, көпшілігі күніне 16 сағаттан артық жұмыс істеуге мәжбүр, ал бұл өз кезегінде қауіпсіздікке кері әсерін тигізеді. Бұған қоса, автобустарда сапасыз қосалқы бөлшектер қолданылады, жағармай қолды болады, ал кәсіпорын басшылығының бұған көзі жұмулы.

Катализатор деген не және ол не үшін қажет

Катализатор — автомобильдің шығарындылар жүйесінің бір бөлігі. Ол зиянды заттарды — көміртек тотығы, азот оксидтері мен көмірсутектерді — қауіпсіздірек бу түрлеріне, яғни су буына, көмірқышқыл газына және азотқа айналдырып, тазартуға арналған.

Катализаторсыз да қозғалтқыш жұмыс істей береді, бірақ шыққан газ бұрынғыдан әлдеқайда улы болады. Катализаторсыз автобус немесе көлік зиянды заттарды 10–20 есе көп бөледі. Қалада күн созбай жүретін үлкен автобустар үшін бұл күн сайын ондаған килограмм улы газ ауаға тарайды дегенді білдіреді.

«Алматыда онсыз да ауаның сапасы өте нашар, енді қоғамдық көлік негізгі ластаушыға айналғаны анықталды», — деп атап өтті Санжар Бокаев.
Санжар Бокаев, қоғам белсендісі

Алматы ауасы қауіп астында

Алматы өңірдегі ауасы ең лас қалалардың бірі саналады. Сарапшылардың айтуынша, түтіннің басты себебі – ескі көліктер, көмірмен жылытылатын үйлер мен қоғамдық көлік. Енді экологиялық таза балама саналған мыңдаған автобустың өзі улы газдың көзі болып отырғаны белгілі болды.

Қоғам белсенділері автопарктерді тексеруді, катализаторларды қайтаруды және қоғамдық көліктің техникалық жағдайына қатаң бақылау енгізуді талап етеді. Себебі салғырттықтың құны – жүздеген мың алматылықтың денсаулығы.


Бұған дейін экобелсенділер Алматының ауасы әлемдік денсаулық сақтау ұйымының нормаларынан бірнеше есе нашар екенін бірнеше рет ескерткен еді. Енді осы мәселеге үлес қосып жүрген автобустар күн сайын қала көшелерінде емін-еркін жүр.